10.06.2022
  152


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Бүгін мен шырайлы болуым керек...

Бүгін мен шырайлы болуым керек,
Бәрінен сұлу һәм бәрінен көркем.
Құдайым, бір күнге жылуың керек,
Бақыт келеді алғаш жанымен ерке -
Мен бүгін оны көремін.
Әтіргүл көйлегін сыйлашы маған,
Ерке жел шашымды жайғызам деме.
Құдайым бір күнге қимасыңды алам,
Ай нұрын қызғанба, айжүзімменен -
Мен бүгін оны көремін.
Жүректе сағыныш, жаным күн бе еді?
Құстар, шуламаңдар ақылың артық.
Құдайым бір күнге жалын қыл мені,
Кеудеме сүйенсін, аптығын сарқып –
Мен бүгін оны көремін.
Сырыңды аш өмірім, бәрі өткінші,
Сарқырап тасы-ей, сезім дәриясы.
Құдайым бір күнге дәруіш қылшы,
Жайнасын дүние – көзім жайнашы -
Мен бүгін оны көремін.
О, сезім – мен сені кешуге дайын,
Дерт біткен ұшыңдар тәнімнен аулақ.
Құдайым бір күнге есімнен айыр,
Бір күн өртенейін, жаныммен лаулап –
Мен бүгін оны көремін.





Пікір жазу