10.06.2022
  113


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ҚАШҚЫН

Бар үмітін сенімге ұдайы арнай,
Кетті аттанып көрсетпей жасық белгі.
Қиындыққа алғашқы шыдай алмай,
Сәбит ағай әскерден қашып келді.
Сол сәттен-ақ өзгеден жырақтанып,
Сәл сүрінсе, налыды, жаси берді.
Жүректегі арманы құлап қалып,
Үміттері біртіндеп бақиға енді.
Жігер өшті, өзегін өрт жайлады,
Тілдеспеді бір жанмен, бар ес солды.
Сынды сағы, өткінші дерт – айғағы,
Ішімдікке осылай әуес болды.
Көре қалсаң, ағайды сөз етпегін,
Еске салма өткеннің бекер сырын.
Ол – сынақпен жең түріп күреспеді,
Ұға алмады күн сынақ екендігін.
Екі ойлымыз ежелден астар сөзге,
Адаспаспыз, бұл түйсік ашса алқымын.
Аңғалдықпен әскерден қашқан кезде,
Білмеген-ді өзінен қашқандығын.
Уақытпен иін қағыса жүріп келем,
Тағдырыңа, жан аға, тосын кірдім.
Мәңгілікке қоштас та күдікпенен,
Өзің қойшы нүктесін осы жырдың...





Пікір жазу