10.06.2022
138
БАЗ КЕШУ
Туғанда-ақ, өмір, бұлқан ең,
Жүргізбей қойдың қырқамен.
Ғұмырым солай басталды,
Зәу биікке ынтамен.
Сананы тербеп сан арман,
Қирағам, қайта жаңарғам.
Тереңдік болмай, биікке
Базынасыз бара алман.
Айтпағым арыз емес-ті,
Ауыр мен жеңіл егесті.
Ақшаңқандықты аңсадым,
Алдымнан сырғып көмескі.
Қинаса талай себептер,
Адалдық қана – кең өткел.
Бір бөлсе, мені пендеден
Тек арым ғана бөлектер.
Түйсіктер ой сап қаперге,
Соңынан ерсең, бекер ме?
Жол табу үшін қайда да
Адасу керек екен де...