Бұл өмірде көсілу бар, толқу бар...
Бұл өмірде көсілу бар, толқу бар,
Тұлпарларға тұлпарларша жорту – жар.
Ертең елді алдай ма деп сескенем
Бүгін мені алдап кеткен кей қулар.
Жүрекке жол таба бермес ән біткен,
Шын сұлулық биік болар сәндіктен.
Тарихымды тілгілей ме деп қорқам
Бүгін өзін танымайтын мәңгүрттер.
Есепшілдер түсіне алмай мұңымды,
Ертеңінен артық көріп бүгінді.
Дінім, ділім көп қырғыннан аман қап,
Еңсем енді тіктелгенде, бүлінді.
Дұшпан күліп, туыс бүгін налуда,
Бәрі құмар бір-бір тістеп қалуға.
Бүгін дос боп жүргендерің ертең-ақ
Дайын тұрар аяғыңнан шалуға.
Андыздасын қарсы алдымнан құлқын мың,
Жырларымда қалар шері жұртымның.
Мына өмір жалған дейді, сондықтан
Ақиқатқа әуел бастан ұмтылдым.
Еріккеннен ескі күйді шертем бе?
Аяғыма жетпей жатыр көрпем де...
Бейнесіне осы сәттің қарасам,
Құлын жаным елеңдейді ертеңге.
Мен де ертең нұрға айналар елеспін,
Ал бүгінім мендік емес демеспін...
Жалғандағы жалғыз ғана сырласым,
Өлеңімнен айыра алмас мені ешкім!