10.06.2022
  123


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ҰЛЫ ШЫҒАРМА

Пәктігің, ұлым, бір кие,
Бірер сәт саған арнайын.
Онсыз да шолақ дүние,
Жақыннан басым шалғайым.
Еркеле, жанды жылытып,
Маңғаздығыңа тоймайын.
Тірлікті мынау ұмытып,
Сәби кейпіңе бойлайын.
Еркелей кірші қойныма,
Бар тамырыңды иіп кеп.
Сонан соң асыл мойныма,
Жаным бір қалсын биіктеп.
Тағдырдың тарам өткелі,
Шегіндіре алмады, тең өстім.
Сен бақыттысың, өйткені
Мен сәби болған емеспін.
Өзімді іздеймін, сый емес,
Шыға алмай, сірә, құмардан...
Маңдайыңдағы күйе емес,
Ең ұлы менің шығармам.





Пікір жазу