ЖИДЕГҮЛ
Жиденің гүлі –
Көктемнің соңғы өрнегі,
Өзіңсіз мынау шуақ та жылу бермеді.
Тас бұлақтардың кеудесін түртіп оятар,
Сезім біткеннің хабаршысы ма ең Жердегі?!
Құпия тағдыр жазылған болар біздерге,
Жұмбақтығыңнан сыз тарта берді күз кеуде.
Ғашықтар анау, еріксіз күйге бөленіп,
Өз жартыларын іздеуде.
Жиденің гүлі –
Уақыттың ерке көктемі,
Айнала тұнған сағынышқа еніп өп мені...
Сол сағынышқа әуелден ынтық жүректің
Тек өлең болар төккені.
Жиденің гүлі –
Көңілдің қылы ең нәзік,
Тәттілігімен іңкәр жаныма берді азық.
Неліктен сен де жазылмай қалған өлеңдей,
Бүрледің баяу арқаңды Күнге кең жазып?
Сиқырсыз сендік мен-дағы жұп боп жүзбес ем,
Гүлдей бер, гүлде, кетпейді бүгін бізге есең.
Шын ақын деп ұқ жарығым мені, өзіңді
Жиде гүлдегенде ғана іздесем...
Жиденің гүлі –
Махаббат екен от, жалын,
Өмірдің мәні осы ма деп бір тоқтадым.
Жиделер гүлдеп, мен бола алмасам жаныңда,
Саф сезімімді өлеңдерімнен ұқ, жаным.