СҮТКЕНЖЕ
Кенже ұлға болса-дағы серт ерек,
Өмір мені есейткен-ді ертерек.
Біздің үйге кенже болып сен келдің,
Ата-әжеңе еркелеп.
Ата-анам сендік назға берілді,
Ал мен енді жігіттікке теліндім.
Міне, осылай тартып алдың сен менің
Сүткенжелік шенімді.
Өмір шіркін өтіп жатты дөңгелеп,
Сол бір күндер ең бақытты, ең ерек.
Арасында қызғанушы ем, дегенмен,
Сөзге келіп көрмеп ек.
Көп баламен ойнаушы едік жиылып,
Кеудемізді тербеген сан күй ырық.
Сен қасымнан қалмаушы едің бір елі,
Ұл балаша киініп.
Адамдыққа, адалдыққа жетік ем,
Саған, қалқам, сәтім жоқ-ты жекіген.
Сен әжеңді «анашым» деп, мен болсам,
«Жеңеше» деп кетіп ем.
Кенет тағдыр әніне сап байырғы,
Төбемізден естен кетпес жай ұрды.
Осылайша сені анаңнан, ал мені
Жеңешемнен айырды.
Жыладық кеп, жанымызға шер енді,
Солай серік қылған едім өлеңді.
Сонда адамдар: «Бәрі жақсы болады,
Жыламаңдар, жыламаңдар», – деген-ді.
Сол күннен-ақ басымыздан бақ кетті,
Әкем байғұс қайғы-мұңға ат жекті.
Туған анаң бір күні кеп өзіңді
Өздерімен қала жаққа ап кетті.
Жұпсыз өмір өмір деуге тати ма?
Құсалық – ол, сезілмейді аты иба.
Үш жылдан соң анам кеткен соқпақпен
Асқар тауым әкем кетті бақиға.
Өмір ғой бұл азабы мол, сыны көп,
Қала бердім көп жетімнің бірі боп.
«Жақсы болад(ы)», – деген еді адамдар,
Жақсы болған түгі жоқ.
Өмір-өлім бір-ақ қадам арасы,
Тағдырға жоқ ешбір жанның таласы.
Жасытпаққа шамасы жоқ жалғанның,
Тістенуін қарашы...
Есіл әкем, келгенде ажал кезегі,
Отқа оранып өзегі:
«Жеңешеңнің аманаты, жан балам,
Сүткенжеміз жыламасын», – деп еді.
Армандадым, көп ойландым қиялдай,
Шер кеудеме көктен сәуле құярдай.
Сен де күнім, толқып жүрген боларсың,
Өз теріңе сия алмай,
Өз анаңды «жеңеше» де дей алмай?...