10.06.2022
  99


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ТАСКӨПІР

І
Сәби ем жаңа есін бір білген,
Талғап-ақ басатын қадамын.
Кенже ұлдың көмейі – Күн күлген,
Нәрлі үміт сыйлайтын жаңа күн.
Алғабас – кіндігім кескен жер,
Мен үшін бейіштің бағы еді.
Жалаңбұт жүгіріп өскен жер –
Көңілдің теңдессіз жан емі.
Су аққан арығы жеке тым,
Ауылдың таптырмас сәні еді.
Арықта жолаушы өтетін
Шағын бір таскөпір бар еді.
Үлкендер айтатын: «Өтпе! – деп, –
Балықтың боласың қорегі».
Көп бала кететін өкпелеп,
Ал менің арманым сол еді.
Себебі таскөпір ар жағы –
Болатын құпия бір әлем.
Көпірден өтпекке қамданып,
Өзімді сан рет сынап ем.
Өттік қой, өттік қой ақыры,
Таскөпір елеске айналды.
Ер болдық сыр бермес тақымы,
Әке боп үлгердік жайдары.
Артымда – таскөпір дүлейі,
Өмірім – көпірлер картасы.
Алдымда – қылкөпір үрейі,
Жүректе – Тәңірдің таңбасы.
Сол таңба – менің өр тағдырым,
Үрейді дүлеймен жоямын...
Ауылды сағынсам, ақырын
Артыма қарайлап қоямын.
Таскөпір – балалық ақ арман,
Баяулап өршитін үдеу ап.
Жалғанның көпірі жоғалған,
Жоғалмас көпір ол біреу-ақ!
ІІ
Ақын ол қашан да от кеуде,
Еңбекпен келмеген бақ жесір.
Жаныңнан жырақтап кетсем де,
Санада қап қойдың, таскөпір.
73Құмдауыт
Зіл-батпан түспей-ақ еңсеге,
Тағдырға бетпе-бет барғанмын.
Қатыгез таскөпір, мен сенен
Анамды шығарып салғанмын,
Әкемді шығарып салғанмын.
Содан ба, жырымның жаны – мұң,
Сол мұңнан біресе сорлайды,
Біресе бақ табад(ы) –
Өмірді күрес деп таныдым
Сол сәттен бастап-ақ.
Байланып қалғам жоқ ескі үнге,
Жырақтап кетсе де бал күндер.
Содан соң ақын боп кеттім бе,
Бәлкім, мен?!
Сұрақтар, сұрақтар сәт сайын,
Қарайды қашан да қырағы.
Бәріне, бәріне қасқайып
Өлеңім тіл қатып тұрады.
Тас қала қойнына бүгіп сыр,
Сұп-суық құшағы елтеді.
Тас қоғам тістеніп күтіп тұр,
Тірегім серт еді.
Күресіп келемін әлі мен,
Қисынсыз күйреуім, жануым.
Киесі биік тұр бәрінен,
Қаламым – қаруым.
Таскөпір, қимап ең күлкіні,
Жаныңда жалғанның сұсы бар.
Өлең боп оралам бір күні,
Жымиып алдымнан күтіп ал.





Пікір жазу