10.06.2022
  121


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Мөп-мөлдір мұңыма тұншығып...

Мөп-мөлдір мұңыма тұншығып,
Тағдырым тұрғанда қырсығып,
Мына жұрт тегімді табалап,
Өз қамшым өзімді сабамақ.
Шәуілдеп ар дейтін ақ күшік,
Сүйекке кетпестей дақ түсіп,
Жасаурар мендегі қарашық,
Ай мен Күн аманда адасып.
Ауызын тырналап жараның,
Мен қайда асығып барамын?
Мұнымды құптай ма дос, бауыр,
Бәріне салт-сана – тосқауыл.
Әй, уақыт, сен қарсы кел мейлің,
Сезімді төсіңе жерлеймін.
Өзімді қылам да құрбандық,
Күтемін әр кезде тыңнан құт.
Сарқытын татсам да дүлейдің,
Мен саған мол бақыт тілеймін.
Мені енді ойлама, несі бар,
Сағынсаң мынаны есіңе ал:
Жаным, мен Мәжнүннен биік ем,
Өмірде тек сені сүйіп ем.
Ал сенсіз өрт едім, бүлік ем,
Әр таңды сені ойлап атқызып,
Сені ойлап көзімді іліп ем.
Мен сені өзіме теңедім,
Мен үшін өмір, ол сен едің.
Жаралған жан едім төзімнен,
Міне, енді бәрінен безінем.
Амалсыз ұрпақтың қамы үшін,
Сүйсем де бас тартам өзіңнен,
Көктем, жаз өтеді, солар күз,
Біз, мүмкін, келесі өмірде
Бақытты болармыз...
Жарасып, серттесіп биікте,
Бірақ та басқаша кейіпте.
Жарасар дәл мынау сабылыс.
Махаббат, ол – тұнған сағыныш!..





Пікір жазу