10.06.2022
101
КҮЗ ҚАЛҚА
Күз қалқа,
Кәрі қыс күтеді бізді алда.
Бір мезет сырласып алайық,
Көңілдің күйлерін жүз тарта.
Күз қалқа,
Жаныңда сағыныш мұз бар ма?
Көркіңді көшірем өлеңге,
Қарсы кеп кеудеңдегі ызғарға.
Күз қалқа,
Басташы жан жетпес құздарға.
Шың біткен, ол – менің күресім,
Көңілде жыр дейтін сыз барда.
Күз қалқа,
Керімсің ең сұлу қыздан да.
Дәл бүгін мен келдім сені іздеп,
Сырыңды ақтаршы бір жанға,
Сен мені көктемнен қызғанба.
Күз қалқа,
Өлеңім өзекті, сіз барда.
Ол, рас, егізбін көктеммен,
Ілесіп барамын құстарға...
Кеш мені, Күз қалқа!