10.06.2022
130
Тәрк етіп бойымның тулаған тамырын...
Тәрк етіп бойымның тулаған тамырын,
Жатсынып жанымның ып-ыстық жалынын.
Қып-қысқа ғұмырым болардай тағылым,
Мен сені ұмытқан екенмін, жарығым.
Кеудеме сәулесін түсірмей нәзік үн,
Мұңымды ешкімге шақпадым – жазығым.
Тас болып кеткендей мендегі әз ұғым,
Мен сенен алыстап кетіппін, нәзігім.
Дәл сенің көзіңдей дүние жарқылдап,
Ең соңғы демім де дәл солай сарқылмақ.
Неліктен жанарлар барады салқындап,
Сен менің ожданым едің ғой аңқылдақ?..
Өзіңсіз өмірді білмеуші едім мен,
Ал қазір бітпес мұң жанымды кемірген,
Осылай оқшау боп өтем бе өмірден,
Періштем, жүрегі сезімге көмілген?..
Тәтті өмір суытып, біресе жылытып,
Күмәннан жеркенем, сенімнің сыры – құт.
Құбылам,
Өмірдің қалмаса құны түк,
Тірілер сапында барымды ұмытып...