10.06.2022
  105


Автор: Жәлел Қуандықұлы

КӘЛИМА

Неше түрлі ой мазалап көмескі,
Қайран жүрек, шығардың-ау көп есті.
Қара жағы басым мынау өмірде,
Аттадық па, жоқ па, әлде белесті.
Қиял-ойдың құшағына шым батып,
Сәл түнерсем, ақ параққа сыр қатып.
Жүріп келем аққа қара жұқтырмай,
Әлі-ақ іздеп табады өзі шын бақыт.
Достық жайлы айтып жүр ғой жан-жақты ел,
Дос болатын қалмай барад(ы) салмақты ер.
Маңдайыма тағдыр жаздың, ендеше
Нағыз досты, Тәңір, өзің таңдап бер.
Тағдыр деген – таусылмайтын толғақ-шер,
Тұнығына тереңірек бойлап көр.
Қара бастың зары тағдыр емес қой,
Мықты болсаң, ел тағдырын ойлап көр,
Мықты болсаң, жер тағдырын ойлап көр.
Өмір көште ағынды әрі арналы,
Қашаннан да халық – ақтың қорғаны.
Адамзатқа ортақ тілім өлерде,
Кәлиманы көп көрмесе болғаны.





Пікір жазу