10.06.2022
88
ҚАС-ҚАБАҚ
Толғанып тағы жатырмын,
Жер менен көкке қарашы.
Осы бір алаң – ақынның
Қас-қабағының арасы.
Ерлердің күнін қор демен,
Епшілдің мынау заманы.
Түрлі-түсті әлем, ол деген –
Арудың қасы, қабағы.
Менің де жаным ортайған,
Оның да солғын жанары.
Тағдырдың соры маңдайдан
Қабаққа сырғып барады.
Жүрегім, жылай көрмеші,
Тау көңілімді жауыр ғып.
Қара өлеңімнің пернесі –
Тамырымдағы тәуірлік,
Қабағымдағы ауырлық.
Далам бар иен ғаламдай,
Сол қалпы мен де өтермін.
Өмірден опа таба алмай,
Өлең боп елге жетермін.
Не дейді мынау жарқын күн,
Қай жолға бізді бастайды ол?
Тырысып жүрген әркімнің
Қас-қабағынан сақтай гөр...