
АҚЫН
Тәуелсіз ек, заман жаңа,
Жетілгенмін ес кіріп.
Мұқаң жайлы бағдарлама
Жүріп жатты кешкілік.
Зиялылар жиылып ап,
Қызу пікір таласты.
Бірі оған сыйынып-ақ,
Бірі кері дау ашты.
«Ішкіш қой – ол!» Бірі айтады:
«Аз-кем өмір сүрген жоқ.
Он бір жинақ – шын айғағы», –
Дейді бәрін білген боп.
Міне, осылай Ұлт ажары
Таланды әрі талданды.
Жүргізуші жұрт назарын
Экранға аударды.
«Мұқағали кім? Кім біледі?»
Сұрақ қойды, дені нық.
Басын шайқап кейбіреуі:
«Ақын!» – деді керіліп.
Осы бір сәт көшедегі
Мойын бұрып жас бала:
«Сазгер ғой – ол, сазгер, – деді, –
Жүрсе-дағы аш бола».
Бәрі оны келеке ғып,
Сыни көзбен қарады.
Талас бітіп мерекелік,
Жұрт үйіне тарады.
Бір-біріне дес бермеді,
Айтып кетті үкімін.
Бірақ ешкім ескермеді,
Әлгі бала пікірін.
«Сазгер», – дейсің даралана,
Көңілді әуен қолдаса.
Ақын ақын бола ала ма,
Күй кеудесі болмаса?
Жылайтындар, түнеріңдер,
Күлетіндер шын күлсін.
Ақындардың жүрегінде
Ырғақ барын кім білсін?
Әуен барын кім білсін?