Acау ойлар босап кетіп көгеннен...
Acау ойлар босап кетіп көгеннен,
Мына әлемге сыймай әлі келем мен.
Менің жазу үстелімді жағалап,
Ұлым мені қызғанады өлеңнен.
Мен отырам қабағымды нұр шылап,
Балам болса бір кіреді, бір шығад(ы).
Қаламымды бақылайды таңырқап,
Қойғысы кеп бір сұрақ…
Қылықтары алпамсадай алып қып,
Ұлым менің неткен батыр, жарықтық…
Махамбетті жатқа соғып отырып,
Ұйықтап кетед(і) талықсып.
Ал, сұрағын қоймай жатып түсінгем,
Балалық-ай сондай жұмбақ пішін бе ең?!
Сұрағына жауап жазып отырам,
Күбір-күбір ішімнен.
Қабағыма ұя салған жасымнан,
Адырна бұлт, өлең нөсер асынған.
Парағыма төпеп-тепеп тынады,
Оған дейін басылман.
Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,
Сырға толы суретіңнен от емдім.
«Отаным» – деп ұрандап жүр біреулер,
Ал мен кейде өз ұяма бөтенмін…
Ұйқысынан оянып ап, арайлы,
Шолып шығып, шаттық толы маңайды.
Қабағымнан маңып бара жататын,
Сол бұлттарға ұзақ-ұзақ қарайды…