10.06.2022
132
АЛМАТЫ
Жеті өзен – тұнған тарих, арнасы – жыр,
Алатау – арынды елге арда тұғыр.
Көгершіні іспеттес жүрегімнің,
Ұшақтары тынбайтын Алматы – бұл!
Кәріге қуат сыйлап, жасқа сабыр,
Көрігі – көрер жанға әфсана бір.
Мұқаңның мұңы сіңіп көшесіне,
Тербеген Төлегенін бас қала – бұл!
Өзге заман көргенім, басқа дәуір,
(Тарихаттың шындығы тастан ауыр).
Арсыздардың зарынан заһар жұтып,
Пәктігінен айырылған жас қала – бұл!
Ішіне қатар қонып бақ, нала бір,
Қашан да майдандасқан ақ-қара кіл.
Қайратын қайта беріп қара жерге,
Жоқтаған Заманбегін тас қала – бұл!
Ежелден ерсі болмай баспана-жыр,
Жай отының жарқылы – Һаққа жәбір.
Жұматайын жылатып жас балаша,
Қасымдарын қаңғытқан астана – бұл!
Жасындарын қаңғытқан астана – бұл!