10.06.2022
115
ӨМІР
Көңілімді қоршап ап тайғанақ мұң,
Күйбең тірлік...
Басқаны ойламақ кім?
Ғашығымның өкпесі жүректі өртеп,
Құстардың да қайтқанын байқамаппын.
Тағдырыма налыдым,
Жыламадым...
Жаттан мейір жалынып сұрамадым.
Сүйгенімнің бейнесі жан-арымда,
Байқамаппын жапырақ құлағанын.
Қыран құстар сынамақ құзда бағын,
Аужайына сыймадым түз даланың.
Сыңғыр-сыңғыр күлгенің құлағымда,
Жүрегімнің сезбеппін сыздағанын.
Шала сенім, шала ес, жасық үміт,
Бет қаратпай барады тасыры нық.
Өкініштер өзекке көш боп құлап,
Өмір өтіп барады жасырынып...