МЕН...
Шырқалумен жанымның сор әндері,
«Мен» дегізбей келеді сол ән мені.
«Мен» дей алмай келемін арпалысып
Сонан бері.
Жүйткігенде жеткізбей түлкі-жалған,
Пәрменімнің кетердей кілті қолдан,
«Мен» дегенім мен емес, әуел бастан
Түркі болған!
Күлімдемей көз тартып кең, керім күн,
«Мен» демесем, сол, сірә, өлгенім шын..
«Мен» дегенім Жалаңтөс баһадүрдей
Ерлерім мың.
Жанына желеу болған байсалды өмір,
Олар жайлы әңгіме айтам небір.
«Мен» дегенім мен емес, даламдайын
Жайсаң көңіл.
Арбай алмас арымды қу күндерім,
Соны ойласам, шапшиды у дүрмегім.
Бабамның аманатын сақтап тұрған –
Рухым менің.
Елдігімнің еңсесі бек те батыл,
Әр сөзі сертке татыр.
«Мен» дегенім ол менің қанымдағы
Текте жатыр.
Барымның шырқау шегі – аза, кегі,
Енді ғана құрғаған жаза тері.
«Мен» дегенім мен емес,
«Мен» дегізген –
Қазақ еді.