10.06.2022
  128


Автор: Жәлел Қуандықұлы

47-АВТОБУС

47-автобус
Алға жылжиды,
Айналып өтіп
Жыртық-жамау қияқты.
Жолы да құрығыр,
47 жыл
Тозығы жетіп,
Өңдеу көрмеген сияқты.
Жүргізуші ағай
Қара көйлекті,
47 жастар шамасы.
Бетіндегі
Әжімі сөйлеп тұр,
Өткен күндердің наласын.
47 адамын
Мінгізіп алып,
Шаңға оранып келеді.
Ескі шахталар
Арқада қалып,
Түпсіз ойларға көмеді.
Сол 47-мен
Мен де келемін,
Тамұқпен тылсым табысып.
Қаз-қатар жырды
Тірілте беремін,
Ойларымменен алысып.
47-автобус
Алға жылжиды,
Айналып өтіп
Жыртық-жамау қияқты.
Жолы да құрығыр,
Ойық та кетік,
Менің тағдырым сияқты.





Пікір жазу