10.06.2022
103
Сағынтпай-ақ келген едім қасыңа....
Сағынтпай-ақ келген едім қасыңа,
Баяғыдай қарсы алмадың тасына.
Құшағыңа ұмтыла алмай құныға,
Өкініш пен шер құйылды мұңыма.
Үзер жерде үзе алмай қап шідерді,
Арамызды алшақтатып жіберді.
Еміс-еміс елес болып көркің нұр,
Түйсігімнің терезесін түртіп жүр.
Қалам байғұс қаңтарылып кермеде,
Ауыздықпен алысуда шерлене...
Тағдырымды кім ұғады сор сіңген,
Деп өмірден баз кешпек те болдым мен.
Маған өзге қалмағандай сынағы,
Арлан өмір аяғымнан жұлады.
Бірақ, бірақ мен сен үшін тірімін,
Өр кеудемнің саған берем тұнығын.
Кірпіктерін тәтті мұңға малып ап,
Музам менің бір ажалдан жаны қап.
Жатсам-тұрсам өзіңді ойлай беремін,
Дер кезінде жаза алмаған өлеңім.