09.06.2022
130
Көзімнен менің мұң көріп едің...
Көзімнен менің мұң көріп едің,
Ең алғаш кездескенімде.
Тағдырды арқаңа өңгеріп едің,
Өмірден сен де өткенің бе?
Мөлдірін жырдың астарлап ұғар,
Дес бермей-тұғын арын ең.
Мұң атаулыны тас-талқан қылар,
Айтылмай кетті тағы нең?!
Асылдар артық күн кешпес дейді,
Тектілер сүрген ғұмырдан.
Сенімім мені дірдектетпейді,
Тайынбан әр кез тұғырдан...
Көрсетпен енді мұңымды ешкімге,
Қағазға ғана төгемін.
Кісінеп тұрған құлын бес күнде,
Өзіңдей өр боп өлемін.
Сағыныш жанды тербейді бекем,
Бағалау қиын барды аса.
Өлеңің сенің өлмейді, көке,
Тіршілік тоқтап қалмаса...