Жеңіс туралы баллада
Біреуді тосып, көрмеген өнде түсте де,
Әндеттік солай,... төртте ме, әлде үште ме?,
Есте жоқ қазір біз кидік сонда үске не,
Тарылтып тіккен пилотка есте, кішкене,
Ақ тауып беру анаға түсіп күшке де,
Қурырған бидай қатқылдау тиіп тіске де,
Біреуді тостық,... толмаған біздер үшке де,
Бейнесін тіпті көрмеген онда түсте де,
Есте жоқ қазір, үштегі бала нені ұқсын,
Қалжырап қалған қарттарға ермек, серіксің.
Ауыздан жырып, аз ғана дәмнен беріпсің,
Тоздырмай бізді, аздырмай бізді келіпсің,
Аналар қандай, аналар қандай беріксің!
«Жеңісбек» қойып, «Жеңісгүл» қойып біздерді,
Жеңісті жылға, Жеңісті күнге сеніпсің.
Есте жоқ қазір, қай сағат еді, қай күні,
Күлімдеп тұрған жайдары сол бір май күні,
(Бұл күннің даңқы әлемге қазір әйгілі).
Төрт жылдай езген бездіріп мұң мен қайғыны,
Шаншылып Тулар шатырға шықты ой, міңі!
Қып-қызыл күндей қып-қызыл жалау желбіреп,
Қып-қызыл сәуле қызартты жүзді той күні,
Есімде қазір қып-қызыл тулар айбыны!,
Жеңіс боп қонған, жақсылық қонған май күні!
Салт атты біреу «Сүйінші!» елден сұраған.
Сүрең сап өтті, жалына аттың құлағын.
«Жеңіс!» деп тұрған ананы көрдік жылаған,
«Жеңдік!» деп тұрып баланы көрдік жылаған,
Қалтырап қолы: қалғандар келсін дін-аман»,
Қарттарды көрдік ауылдың басын құраған,
«Жетімек» демей, «жолдыаяқ» десіп жатты жұрт,
Кезіміз еді-ау, біздің де көпке ұнаған!
Арманға жетті ел, аңсаған сол бір мақсатты,
Жамылдық біз де «майлыаяқ» деген жақсы атты.
Әжелер бізге «Жеңістің жырын» бастатты.
Әбдіре-сандық кілттеусіз ашық, бос жатты.
Қарыннан сарымай толтырды тегіс тостақты,
«Ақсарбас» айтқан ақсиып қоңыр бас жатты,
Жайланып жұрт та, тамаққа сонда ас батты,
Біз көрдік кейін, шолақтар мен ақсақты,
Жамбасқа сонда қайғыдай болып тас батты...
ІІ.
Рейхстаг жатты!... Ойраны шыққан түрмедей,
Қарт неміс қалды!... балдағын ұстап үндемей,
Жас немка күліп, бұлғайды қолын, бұлғайды,
Гүлі жоқ қолда, қалған-ды Берлин гүлдемей,
«Жау ма екен әлде, дос па екен әлде, кім демей»,
Жас қыздың жақсы ниетін аттап, кірлемей,
Бұлғайды қолын боз бала солдат вагоннан,
Зулады поезд... күндіз демей, түн демей,
Батыстан қайтты! Баяғы қызыл вагондар.
Жарқының бар ма, туысың бар ма, қараңдар,
Жарқырап күнге жап-жаңа мундир, пагондар,
Қынапқа тегіс салынған қару, нагандар,
Жеңсе де жауды әр жүректерде алан бар,
Жүйткіген поез доңғалақтары дегендей:
«Анаң бар алда,
Анаң бар алда, аман бар,
Балаң бар алда,
Балаң бар алда, саған зар,
Қараң қал соғыс,
Қараң қал соғыс, қараң қал», ...
Батыстан қайтты баяғы қызыл вагондар!
Жүйткісе поезд..., вагондар үнсіз ырғалар,
Өртенген орман дөңгелеп көзден, сырғанар,
Қираған қала, өңешін созған мұржалар,
Күл болған село, шашылған каска жылғалар,
Қырларда сонау..., қабырда жатқан ұл да бар,
Адырда сонау арманды кеткен қыз да бар,
Гүл болып шығып, поезбен қазір жарысып,
Айта бар дей ме, анама, елге бір хабар,
Айта бар дей ме, табысар тағы күн болар
Жүйткиді поезд..., вагондар үнсіз ырғалар...
Қырық жыл бұған! Қырық жыл маған тіл қатты,
Қырық жыл бойы жеңістің тойы гүл жапты
Қайтпаған солдат есінде елдің күн қақты,
Қайтқандар аман өсірді ұрпақ сымбатты,
Қайғының тасы қуаныш - көлге шын батты.
Жүрегі жердің соғып тұр тыныш, ырғақты,
Келеміз айтып, «Жеңістің жырын» қымбатты.
Қаһарман халқым! Қасиетті сенің тойында,
Қайталап айтам, есімде қалған шумақты:
«Әй-әй әке-жан,
Жеңіс жырын айтып кел
Әй-әй әке-жан
Аман есен қайтып кел!»