09.06.2022
  117


Автор: Мерғали Ыбыраев

Абайды зерттеушілерге

Ұқсақ та адам жайын, заман жайын,
Жыр жазу қайда бізге Абайдайын.
Туған ол Абай болып, анасынан,
Тұғырда Абай болып тұрар дәйім.
Абайға демесем де жыр арнайын,
Ойыма оралады ұрандайын.
Кітабы бір түспейді алақаннан,
Арабтың қолындағы құрандайын...
Ал, аудар, аудара бер, тап та тілін;
Әлемге жетіп жатыр қаптал үні.
Өлеңге бір күн патша болу қиын,
Жүз жылдан асып кетті патшалығы.
Дәл қазір мықты кем бе, ірі кем бе,
Абайша асыл болмас сыры ненде?!
Пәленше, түгеншекең деп жатады,
Абайды салыстырма бірімен де,
Даңғырап күндік жерден ой шелегі,
Абайды зерттеушілер қойша өреді.
Елеусіз, ергежейлі оймағымен,
Еділдей өлең қалай өлшенеді?!
Тұрғанда саф алтының, жезің пұл ма?,
Сіңірмей су секілді сөзін құмға.
Зердесіз зерттеушіні жылы жап та,
Абайсыз қилы кезде аласырдым,
Ақыры жеңіп шықты таласы ардың!
Болмаса ойсыз, мисыз мақұлықтар,
Орнына ұлы Абайдың таласар кім?!,
Тобықты тақиясын қозғап қойып,
Дес бермес өзін тыңда қара шалдың!





Пікір жазу