09.06.2022
  124


Автор: Мерғали Ыбыраев

Сақтық сағатында

Жауыздықтың жалмауыз кім айтады жасын дәл?!,
Әлі тірі, жансебіл, - шіріп кетті асылдар!..
Мимен емес – мысымен басатұғын адамды,
Мыстан кемпір секілді ол, - жасап келген ғасырлар.
Ортамызда әлі жүр – неше алуан тон киіп,
Төрімізде төредей отырады ол қонжиып.
Түрі – түсін аңғармай, құрақ ұшып күйеміз,
Сан соғамыз кейіннен, бармақ тістеп – сол күйік!
Тұлғасы мен тырнағы, жүрегі де мыс – дейді,
Артық сөйлеп қашанда, артық және ішпейді.
Асжаулықтың шетінен үзіп алып бір түйір,
Адалдыққа, антына нанды ырым ғып тістейді.
Ол сөйлейді өзіне ешбір кіршік жұқтырмай,
Құлақтарға ұғатын күбірлейді ұқтырмай.
Адам деген адамың сайтан болып шыққанда,
Мүмкін емес қалуың, төбе шашың тік тұрмай.
Жауыздықтың жалмауыз – кім айтады жасын дәл?!,
Әлі тірі, жансебіл, - шіріп кетті асылдар...
Мимен емес, мысымен басатұғын адамды,
Мыстан кемпір секілді ол, - жасап келген ғасырлар!





Пікір жазу