09.06.2022
  98


Автор: Мерғали Ыбыраев

Бұл қалайша жыл болды...

Бұл қалайша жыл болды,
бұл қалайша күн болды?!
Қаражаяу жүріске қарға
адым жер мұң болды.
Тісті жеген ақ қанқұрт
араласты қаныма,
Селт етпейтін жұрегім
секем алып, сыр берді.
Мен қалайша тез жанып,
мен қалайша тез сөндім
Көтерілер көзі жоқ
көтеремдей еңсемнің.
Қалғып-мүлгіп, қыбырлап,
алпысты да еңсердім,
Енді тірлік қиямет – қия
бассам теңселдім.
Көтерілер түрі жоқ түсіп
кеткен еңсемнің.
Қолтығымнан сүйеме,
«тәй-тәйлайтын» бөпе емен,
Ащы сумен – ашынсам,
көңілімді көтерем.
Қимай, інім, несіне қиыласың
мүсіркеп,
Керегі не жұртыма мен
секілді көтерем?!
Деп-ақ едім жұлқынып:
«нардың жүгін көтерем»,
Демігемін тұра қап, ауық-
ауық жөтелем.
Құстың сүті емеспін, аюдың
да өті емен,
Енді қалай, халқым-ау,
қарызыңнан өтелем?!
Санасы жоқ сормаңдай,
бітеу пенде не білер,
Мал емеспін өріске
барып-қайтып семірер.
Ез емеспін езіліп,
отыра қап еңірер
Артық тірлік өзі де жегі
екен ғой кемірер.
Пенде емес ем қызықтан,
пірәдәрдай зерігер,
Өтті кезім масайрап,
жоқ нәрсеге желігер.
Қол көтеріп, қалтырап, тізе
бүкпей қалайда,
Өлім емес, өмірден
кезім келді жеңілер.
Төр бермеген төрелер,
енді жатар көрім бер!





Пікір жазу