09.06.2022
  123


Автор: Мерғали Ыбыраев

Аналарға араша

Мән-мазмұнын болмасақ та жете ұғып,
Мерекелер күнтізбеге бекініп...
Құртқан бізді мерекелер қып-қызыл,
Қып-қызыл тіл, қып-қызыл сөз, -өтірік!
Қартаң ана қасаң тартқан сезімі,
Таусылғанда таршылықтан төзімі,
Өлеңдерің неме керек,мақтаған,
Қол көтерсе ішіп келіп өз ұлы!
Өзің емес,өзге жайын сондай ұқ,
Отырғанда дастарханды мол жайып.
Неме керек,гүл сыйлаған мерекең,
Ана тұрса бір бұрышта қол жайып.
Біреу тойды,біреу тағы аш қалды,
Алла өзің төзіңе сал асқанды.
«Қарттар үйі»,жетім үйі, қаптады,
Іңгәлайды нәрестелер тастанды.
Болашаққа пысқырып та қарамас,
Ақ бесікті ұрпағым деп санамас,
Секс-мекс қуалаған қыздарын,
Жарнамадан жүр әнеки жалаңаш.
Әлі аңғармай сөз астарын тұрмысың,
Сенің дағы бір сұмдықты білді ішің?!
Қатар жүрген қос келіншек,қос құрбы,
Бір-бірінің қызғанысқан тұрмысын,
Түсіп жатқан талай мықты торына,
Қыз құтырды бұл қазақтың сорына,
«Мафияда», «рэкетте» солар жүр,
Су құя алмас бөріктілер қолына.
Мерекеге сене түсіп,сенбей де,
Ойға қалам соны ойлап мен кейде.
Төл мереке жетіп жатыр тарихи,
Тойлай алсақ халықаралық деңгейде.
Бұл сөзімнің білем ауыр тиерін,
Бір кісідей мен де оларды сүйемін.
Арзан сезім алдамасын деп едім,
Артық кетсем кешір ана,киелім!





Пікір жазу