09.06.2022
  129


Автор: Мерғали Ыбыраев

Балықшы қарт есімде

Келемін баламды іздеп су жағалап,
Өзімше із кесемін құмға қарап.
Қағылез, қалкең құлақ, аңқау ұлым,
Білдірмей бір жағадан тұр ма қарап?!
Деймін де жалтақтаймын жан-жағыма,
Ертістің көз жіберіп ар жағына.
- Ох, боже» - деп күрсініп қарт балықшы,
Күйбеңдеп жармасады қармағына.
Шыдаған жетпіс жылдың салмағына,
Қарт екен жете алмаған арманына.
- Балық түгіл балдыр да ілінбейді, -
Дейді қарт күлімсіреп – қармағыма!
Алдында көңіл айту ретінде,
Деп саған: мен дайынмын күзетуге.
Төрт балам, әйеліммен суға кеткен,
Сонау бір соғыс жылы Днепрде...
Қармағы дірілдейді қолындағы,
Жүрегі жылап тұр ма оның дағы.
Ауызы тығындалған бір бөтелке,
Ең соңғы гранаттай торындағы.
Күбірлеп өз-өзінен әлде нені,
Сонан соң шақырады дәмге мені.
Үйінен алып шыққан барлы-жоғын,
- Ешь ешь – деп ұсынады – әл береді!
- Қалайша өлсе балаң тірілтесің?!
Деп жігіт күн қақтаған құрым төсін.
Ащылау темекісін ұсынады,
Жаға алмай қайта-қайта сіріңкесін...
Сол қартқа төрт күн бойы барып тұрдым,
Ақылын балықшының алып тұрдым.
- Шыққан жоқ балаң әлі су түбінен,
Дегенді қабағынан танып тұрдым.
Көз ілмей күзетіскен сол арада,
Бұл қартты тілім жетпес бағалауға.
Өмірден бесінші күн өзі кетті,
Қармағы қала берді жағалауда.
Сол еді-ау, жанашырым, жақтасым да,
Уақыт ұмыттырар, тоқтасын ба?!
Ұлымның қабіріне алған гүлді,
Апарып қойыңдаршы қарт басына!





Пікір жазу