09.06.2022
  152


Автор: Мерғали Ыбыраев

Мына Ертіс...

Күз келіп қалғаны ма шыныменен,
Үлгеріп қыс та келер мұныменен.
Ерланым үрпек басты балалармен,
Ойнаушы ең жар жағалап күніменен.
Достарың жиналатын бәрі осында,
Жылы су, ыстық құмның жағасында.
«Қол бастап» жүруші едің – Робин Гуд боп,
Көсемсіп аңқау ұлдар арасында.
Жалғызға жөні бар ғой алаңдамақ,
Тұратын терезеден анаң қарап.
Кеш түсе сені тауып алғанымда,
Күлімдеп қоюшы едің маған қарап:
Сол жаға саған да жат, маған да жат!
Көк Ертіс бара жатыр қырын қарап,
Дегендей: мен де жатпын, ұлың да жат.
Қан шықпас қара судың құрдымына,
Қараушы ем жүрек шошып бұрын да жат.
Суық су сынаптайын аунақшиды,
Түн түсе шет жағасы қаймақшыйды.
Мұң басып, мылқау түнде суға қарап,
Мінезім мұқалып тұр алмас сынды.
Ақ кеме көрінбейді жақындағы,
Генерал Карбышевтің атындағы.
Ағаштың түсіп жатыр жапырағы,
Құлыным су түбінде жатыр ма әлі?!
Карбышев болам деген арманымен,
Мына Ертіс келе жатыр қатырғалы.
Он-ақ жыл жер бетінде жарық көріп,
Балам-ау, кеткенің не балық болып.
Иіскейтін ара-тұра маңдайыңнан,
Толқындар сүйіп жатыр қарық болып!





Пікір жазу