09.06.2022
  229


Автор: Мерғали Ыбыраев

Жұбату

Айтса біреу қайғы бұлтын төндіріп,
Мен сөйлеуші ем, қуанышқа сендіріп.
Бетіме әжім түсіріппін ертерек,
Жылағанды жұбатамын деп жүріп.
Ділмәр, шешен айтпағанды айтады-ақ,
Жақсы сөзбен жан-жағыңнан ортаға ап.
«Қайғының да қуанышы бар» деген,
Өз сөзімді қайта-қайта қайталап.
Ұят қымбат қашан болсын өлімнен,
Амалым жоқ, қайта алмадым сенімнен.
Сендім сенің сөздеріңе, үлкендер,
Көз жасына сенбеуші едім егілген...
Сағынғаннан болар бәлкім, баламды,
Аздап-аздап самай шашым ағарды.
Өз баласын жұбата алмас жыласа,
Жұбатуға жарамаған адамды!
Қарауылда қоян жонды тұр қабір,
Қоям балам, топырағыңа жылда гүл.
Үлкендер-ай, жылағанды жұбатқан,
Ризамын, рахмет мың да бір!





Пікір жазу