09.06.2022
  115


Автор: Мерғали Ыбыраев

Жолы болмайтын Асан туралы

Сорлы Асанның әйелі – әйел емес, албасты,
Тауығы да қораздан болып алған ерқашты.
Астауы да кететін талай шелек су сиып,
Жатыр есік көзінде – жыртық, тесік, ырсиып,
Тебінсе де есегін – бір баспайды қырсығып,
Желге қарсы шіреніп, шырт түкіріп алды да:
«Бір болмаса – болмайды!» - деді Асан күрсініп.
Боқтап-боқтап есегін жетпіс жеті әкеден,
Тартты Асан жаяулап барар жерге төтеден.
«Кірш» етті де әлде не табанынан от шықты,
Теуіп қалған «әлде не» - кірпікшешен боп шықты.
Келеді Асан кіжініп, (біреулерге күлкілі)
Адамдарға жолына тастай салған кірпіні.
Ашуменен булығып, жүрегі де жиі ұрып,
«Бір болмаса – болмайды!» - деді Асан күйініп.
Келеді Асан... тағы да... шыңылдады құлағы,
Ағаштағы тиіндар жаңғақпенен ұрады.
Ұстамақ боп тиінды саты ағашпен өрледі,
Бәрі дұрыс, бірақ та..., түбірге кеп құлады,
Саты ағашы үстіне және келіп сұлады.
Құрып еді қабанға кеше қақпан – ұмытты,
Қасынады қолтығын..., келе жатыр үмітті.
Ұстаса да көйлектен қанын сорған «түлікті»,
(Бұл не деген қырсық күн, тәңір атқыр тағы да)
Өзі құрған торына өзі келіп ілікті,
Қабандары қорсылдап қашқан жаққа аңырап,
«Бір болмаса – болмайды!» - деді Асан жабығып.
Ал, ендеше, әкеңнің..., аңшылықты тастаймын,
Мына өзеннен әрі өтіп, бұл жерді енді баспаймын.
Ар жақтағы жағаға егін салам, жер жыртып,
Құрма өсірем көрерсің – жапырағын құлпыртып,
Ағаштардың ішінде жемістері қайысқан,
Отырғанға не жетсін көлеңкелеп, шәй ішіп.
Мінді сөйтіп қайыққа – кетті тастап ескегін,
Қызық көрді ескексіз қара суды кешкенін.
Толқын айдап қайықты көк теңізге әкелді,
Алғашқыда қуанды мұны көріп әпенді.
Көп ұзамай айдында шағалалар шулады.
Қақпақыл ғып қайықты таудай толқын тулады.
Көк толқындар дөңбекшіп, тарқатқандай құмарын,
Беймәлім бір жағаға қайықты әкеп шығарды,
Жалбарынып тәңірге жылады Асан, жылады.
Есін жиып қараса: тап болыпты жат елге,
Бәрі жап-жас, қарайды – күлімсіреп өтерде.
Латынша сөйлейді, бұл көрмеген ғажаптар –
Фонтандардан су емес, атқылайды шараптар.
Ах, қыздары-ай, қыздары, періштедей көрінген,
Бүлдіргендей уылжып, еріп кетер еріннен.
Қош бол, Асан, енді сен, елге қайта қайтпайсың,
Қош бол, қатын, сен дағы, ұмыт мені, таппайсың.
Қақпан, кірпі, доңыздар, сендер де қош болыңдар,
Ойнақ салған тиіндар сендер де аман тұрыңдар,
Жолды тәңір оңдады, қош, кедейлік – сорлаған!
Асанымыз қосымша – «қайғы» деген атты алған,
Күлімсіреп Помпейге кіріп келе жатқанда,
Атқылады Везувий (Везувий бұл вулкан ғой,
сол заманда киелі),
Күл мен тастың астында қалды қарттың сүйегі,
Бұл мысалдан патриот, мынадай ой түйеді:
«Өз жерінен бақыт таппай сандалған,
Өзге елде шыға алмайды арманнан».





Пікір жазу