09.06.2022
  275


Автор: Мерғали Ыбыраев

Той үстіндегі тілек

Алтын ордам, ақ босағам, асыл арқау өлеңге,
Абыройың тұра берсін, төменде емес, төбемде!
Мен сенбеймін театрдың дүрілдеген атағын,
Теледидар түгін қоймай тартып алды дегенге.
Таласуға уақытым жоқ, данасынған білігішпен,
Театр рас, басталады сонау киім ілгіштен.
Ілгіштердің кей шегесі босауы да мүмкін ғой,
Ал, кәнеки, сол шегені қақ қайтадан тың күшпен!
Орны тұр үңірейіп, көп шегенің бірі екен
Ортамызда жүрген кеше Нұркең1 мен Сілекең!
Айкен аға, Гүлсім апай... тағы ұмыттым кімдерді,
Өлмес артқа із қалдырған, сол тарландар ірі екен.
Талант тапшы әркезде де, жол бермеңдер пысыққа,
Қақымыз жоқ жолбарыстан, айналуға мысыққа.
Ұмытқаныың болса егер, оқушы боп ұқыпты,
Ұлы Мұқаң салып кеткен дана жолды пысықта.
- Көрмегенге күлкі емес, сендіретін сөз керек,
Мұқтар аға тұр әнеки, - бықсымаңдар, мазда деп!
Түсті есіме... бала кезде театры Семейдің,
Қарауылдың клубына ойын қойды жазда кеп.
«Еңлік-Кебек» жүріп жатты, шыға келді Еспембет,
«Тобықты сенің аярлығыңда талай рет кешкем», деп.
Дірілдейді оң қолымда, бүлдіргесі қамшының,
Сыңайы жоқ содыр бидің, тіл мен жаққа дес бермек.
Алды тағы қамшысын, екі бүктеп сығымдап,
Үкімі де қатал еді, кетті құйқам шымырлап.
Атып тұрды орнынан, сілкіп тастап етегін,
Кете барды көпшілікте жонын беріп, қырындап.
Кете барды би Еспембет ғашықтарды сұлатып,
Күрсінбеген жан қалмады, өлді екі жас жылатып.
Жұрттың көзі қанталаған, ежірейген елеріп,
Еспембеттің кеткен жағын, сұсыменен тұр атып.
Ойын бітті, біткенменен... тістеді ел бармақты,
Бала едім... тас жинадым, тысқа шығып салмақты.
Тар клубта топырлаған ел тарамай, кимелеп,
- Еспембетті шақырып бер, өлтіреміз! деп жатты.
Шын таланттың ойынына, шындығына жетер ме ой,
Еспембет те қауыптеніп, жасырмапты бекер бой.
Өлтіреміз деп жүргені Еспембетті ойнаған,
Нұркең, Сілекең
Өзіміздің қадірменді Қыдыралин екен ғой...
Аңқау бала сол қылығын, қадірмен жұрт кешірер,
Шыға берсін сахнаға асыл ару, есіл ер.
Той күнінде менің айтар жалғыз ғана тілегім:
- Обаевты шақырып бер, «өлтіреміз» десін ел!...





Пікір жазу