09.06.2022
  137


Автор: Мерғали Ыбыраев

«Пірәдар»

Бір куротртта, Кавказ барған сапарда,
Көк теңізге күн қызарып батарда.
Қайран Мұхаң Алматыны сағынды,
Тұстастарын бірге жүрген қатарда.
Әрбір апта секілденіп жыл оған,
Шын сағынды құрбыларын ұлы адам.
Жанарында қалды күннің жарығы,
Сырғып барып тұңғыйыққа құлаған.
- Хат жазуым керек еді-ау соларға,
Оттың басы, үй-іштері аман ба?
Жеңіл емес, қашан дағы көш бастау,
Жеңіл емес, оларға да маған да.
- Деді Мұхаң тебіреніп шерменді,
Үлгі болсын ұрпақтарға көргенді.
Жан қиыспас, үзеңгілес достарға,
Бір-бір сыйлық жіберуді жөн көрді.
Көп өткен жоқ хас шеберлік тап салған,
- Сылтысаңыз құтыласыз – ақсаңтан. –
Деп грузин әкеп берді бір таяқ,
Сыйлық болса, артық сыйлық басқаңнан...
Заказ таяқ Мұхаңа да ұнады,
Поэзия тұнып тұрған бұ дағы.
Енді осыған бір сәлем сөз ойып жаз, -
Деп данышпан қиыла кеп сұрады.
Содан кейін көп отырды қиналып,
Қайда кеткен ұлы сөзге мырзалық.
Қайта-қайта бір өшіріп, бір жазып,
Сөз түспеді жіберетін ырза ғып.
Жұмсақ мінез, жылы жүрек, жаны кең,
Жүретұғын өз жолымен, заңымен.
«Пірәдарым Ғабиденге - Мұхтардан»,
Деген сөзді қымбат көрді бәрінен.
... осы аңыз жылы тиді құлаққа,
«Пірәдарын» ұға алмадым бірақ та.
Сұрап едім шала молла әкемнен,
Көк тәпсірін ақтардай кеп бір апта.
Тапты білем жауап берді былай деп:
«Парсы сөзі, жүрген жан ғой құдай деп.
Пірге барып қол беріпті ол кісі,
Дұрыс па екен Рахымнан
сұрай кет».
Құртып еді дегіберімді, діңкемді,
Молласыз-ақ ұқтым кейін бұл сөзді.
Ана сүттей ана тілдік қорына,
Табы ыстық тамаша сөз тіркелді.
Бір қортынды сол таяқтан түйелік,
Қалдырғандай Сізді артқа ие ғып.
Маңғаз ата, көтере бер нар жүгін,
Мұхаң берген сол таяққа сүйеніп!





Пікір жазу