Ерке жирен
Шабандоз тақымдарын қатты қысып,
Ат кетті тұрған жерден атқып, ұшып.
Артында ақсақалдар салды ұран,
Тымақты онды-солды лақтырысып.
Қаршадай тізгін берген жас балаға,
Қазақта бәйге десе ес қала ма?!
Хамза қарт «тәуекел!» деп күбірледі,
Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.
- «Майлышат» - майлыаяқ шат, медет бер деп,
Жерінде ұлы Мұхтар жебеп көр деп.
Бұл тойға келіп қалған Ақсуаттан
Баптаған Ерке жирен себепкер боп.
Ерке еді құнанынан қолында өскен,
Тар қия Тарбағатай төрінде өскен.
«Жануар мені жерге қаратпа» деп,
Артында қала берді көрінбестен.
Бар мұнда Өскеменнен «Киік қара»,
Көп аттан бітімі өзге – биік, дара.
Бар мұнда Шұбартаудың шаң тимесі,
Ат екен жал-құйрығы сұйық қана.
Бар мұнда Керекудің «Кер төбел»,
Ат емес өз елінде ертегі еді.
Жылмиған кілең жүйрік елу төрт ат,
Ауданда озып келген – ең төмені.
Бапкердің атқа шапқан жалғыз ұлы,
Бар мұнда Қарағанды «Нар қызылы».
Топ жарған «Топай көгі» - Балқаш жақтан,
Бұл тойға қосылыпты ең қызығы.
Күлтелеп кекіл-жалын баптамаған,
Секілді Сарыарқадан ат қалмаған.
Шаң борап шабысына шапқан аттың,
Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.
Дүркіреп сеңдей жосып келеді аттар,
Бәрін де ел намысы – аманат бар.
Бір шоғыр таяп қалды құстай ұшып,
Ішінде қылаң ат бар, баран ат бар.
Шоқтай ғып жал құйрығын келте түйген,
Келерін көкірегіне ерте түйген.
Халықтың көрген көзін сүйсіндіріп,
Алдында келеді әне, Ерке жирен.
Жай тастап, құлашын кең сермегендей,
Болмапты төрт айналым терлегендей.
Зу етіп өте шықты жұрт алдынан,
Ентігіп, демікпестен өнгелердей.
Қалады шама жетсе кім егеспей,
Қашықтық бұл ат үшін сын еместей.
Тұлпары пәленше екең, түгенше екең,
Деген сөз бұл жиренге түк еместей.
Жұлдыздай соңғы айналым ағып келеді,
Келгенін Ерке жирен халық көрді.
Көзіне жас тығылған Хамза қартқа,
Қалың жұрт «шүйіншілеп!» шауып келеді.
- Өзінше жүйрігі бар әр даланың,
Қызғанса озған атты таңданамын.
Бір жолға бас бәйгем де халықтікі,
Мұқаңдай ұлы жанға арнағаным.
Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен,
Қуанып балаша мәз еліменен.
Құшақтап Ерке жирен мойынынан,
Иіскеді моншақ-моншақ теріменен.