Әупілдек
Ғайыптан бір күш еніп.
Қанат-құрық желкілдеп.
Күн шығарда күшеніп,
«Әуп! Әуп!» - дейді Әупілдек.
Құс тілінде ұғысқан,
Сұрағанға себебін.
Дейді екенсің: «шығыстан,
Күн көтеріп келемін!».
Жауабың да кесек тым,
Залалы жоқ құс едің.
Сен туралы өсектің,
Арасына түсемін.
Ата-баба тегінен,
Армандауға жараған.
Аңғал құсым сені мен,
Ақтап алам жаладан.
Алдап соғып халықты,
Сырттан айтқан үкімін.
Жек көретін жарықты,
Жаласы ғой үкінің.
Көрік берген көлге әсем,
Естілмейді атағың.
Жасыдың ба, әлде сен,
Былшылынан бақаның.
«Әуп!» деші кәнеки,
«Әуп!» дейін мен қоса.
Күн келеді әнеки,
Қолдасайық болмаса...
Бояу сіңіп нақылға,
Болды істің болары.
Көтерейік! Мақұл ма,
Қызыл күнді жоғары.
Күн шықты деп ұғынсын.
Әупілде де қорғалат.
Қуысына тығылсын,
Жапалақ пен жарқанат.
Ақиқатқа жетер ме,
Арманы жоқ – сормандай.
Күнді көтер, көтерме,
Әупілдей бер қорғанба!