09.06.2022
  117


Автор: Мерғали Ыбыраев

Өмір – солдат

Қорқытпа, өлімменен, қазаменен,
Қорқытпа, аурумен, азаменен,
Біткенше ой-кенішін қаза берем,
Біткенше соңғы демім жазам өлең,
Қорқытпа, өлімменен, қазаменен.
Қорқытпа, қайғыменен, қор болудан,
Қорқытпа, кәріліктен, шал болудан.
Аңсаған тыныш ұйқы, қарын тоқтық,
Қорқамын адам тектес мал болудан.
Қорқытпа, имендіріп қабақпенен,
Қорқытпа, бомба, қару-жарақпенен.
Жұмыс бас пенде түгіл «құдайыңмен»,
Бұл өмір алысуға жарап келген.
Азабын бабам көрген, далам көрген,
Дозақтан солдат – өмір аман келген.
Алайда ..., сөзі менен ісі бөлек,
Қорқамын суық қолды қаламгерден.
Көп көрген қасиетті солдат-өмір,
Ол үшін суық-жүрек – ол да темір.
Түскенше зер-бесіктің құшағына
Сәбиін солдат – өмір тербете біл.
Жер бетін талай-талай тегістеген,
Қорқытпа, апатпенен, соғыспенен.
Өшіріп соғыс өртін, солат – өмір,
Оралар әлі талай жеңіспенен!





Пікір жазу