09.06.2022
  125


Автор: Мерғали Ыбыраев

Досқа наз

Ешқашан кірбең түспес арамызға,
Аз еді-ау, біздей достар қаламызда.
Бет алған екі жаққа кемелердей,
Бірте-бірте алыстап барамыз ба?!
Көрмесек те дауласып, біз айтысып,
Барамыз ба, амалсыз ұзай түсіп.
Үнсіз-ақ ұғыспаған екеумізді,
Арашалар кім бар-ау құлай түсіп.
Әркезде адал досқа жарыған кім?!
Соны ойлап қара терге малынамын.
Ағайын, арадағы әзәзілден,
Арашала, құтқаршы, жалынамын.
Атаққа сен де, мен де кем емеспін,
Тасташы, керегі не ерегестің.
Әне кетіп барасың, қырын қарап,
Қырын қарап кетсең де ..., сен емессің.
Жүзінде пайда бопты жаңа кескін,
Мақтау ма?! Мұныңды елемес кім?
Үнсіз ғана қасымнан өте бердің,
Үнсіз ғана, ... бірақ та сен емессің.
Дейсің бе, сендейлердің теңі емеспін,
Жатпайтын жиын-тойда елеп ешкім.
Көре тұрып көрмедің, күсіндіріп,
Күрсіңдіріп кетсең де, сен емессің.
Сен емессің, бәрі де сен емессің,
Сен болсаң келіп-ақ тұр төбелескім.
Танымасаң, таныма ұзын жігіт,
Мен дағы такаппардың теңі емеспін!





Пікір жазу