Қос мықты
Көр-жөрді қиыстырып термелеген,
Көп көрдім кітаптардан өлген өлең.
Қадыр мен Шахановқа қайран қалам,
Құйындай көз ұшында дөңгелеген.
Құйын боп шықты олар отауымды,
Ішкізді айран емес, атауымды.
Шалқайсам шахматтан тағы ұтады,
Үйретті ұтыс емес, «мат» алуды.
Япыр-ай, бір леспей қаламын ба?
Деймін де жармасамын қаламыма.
«Көр» деуге кітабымды қорашсынам,
Сиғандай сіріңкенің қорабына.
Көгалды қайран ақын сағыныпты,
Демеңіз өңкей жабы жабылыпты.
Қадырды боймен басып күресіп ем,
Ол мені оймен басып тағы жықты.
Алқынып Алматыға жеткенімде,
Жолықтым Шахановтай өктем үнге.
Жарадым бес-ақ минут ілесуге,
Бес сағат жатқан жырды төккенінде...
Жүгіріп әр кассаға бала орынына,
Аэропорт билет сатпай бар орнына.
Олар кірген есікке жолатпады,
Еңбек түгіл самолет салонына.
Бой да жоқ танылатын серең етіп,
Екеуі селт етпеді, елең етіп.
Бұлар барда тығылам топ ішіне,
Бұлар жоқта шығамын өлең оқып!