09.06.2022
  71


Автор: Мерғали Ыбыраев

Салмақсыздық заңы

Баршасы қадірлі емес биік біткен,
Қорқытпа, заңғарменен, биіктікпен.
Әркімнің өз биігі өзіне ыстық,
Туларын төбесіне сүйіп тіккен.
Қорқытпа, тұңғыйықпен, тереңдікпен,
Өлеңге ол өлшеу емес кемел біткен.
Сорпасы үш қайнаса қосылмайды,
Теңеуге саяздықты төмендікпен.
Қона ма, космонавтар төмендемей?!,
Кенеттен кен табылар төбеңнен кей.
Төмендеу – тартылыстың заңы болса,
Қоя тұр, «тәменірек өлең» демей.
Білемін салмақсыздық заңы басқа,
Жеңілдеу өлеңдердің халы басқа...
Ұшатын, қона алатын қыран-жырды,
Қоя бер, баптай біліп, бағын аш та!
Болмаса өлең біткен болар маса,
Жел жоқта тыным бермес азар болса.
«Уф» десең ауадан да жеңіл өлең,
Қайтеді ұшы бермей, қона алмаса.
Не керек құр дәмемен көңіл демеп,
Қона алмау – салмақсыздық, жеңіл демек.
Өзінің биігінен ұшқан өлең,
Өзінің биігіне қону керек!





Пікір жазу