09.06.2022
124
Мезі етті
Жұғымы жоқ жақынға, не жолдасқа,
Кісімсиді, келер жоқ қолдан басқа.
Инедей септігі жоқ армандасқа,
Ант еткен адам болып алданбасқа.
Қабағын сәл шытынып, түйіп кердең,
Бұлайды оқығанын жиып-терген.
Кісі емес өзге түгіл, өз жарын да,
Елжіреп, еміреніп сүйіп көрген.
Пір тұтып оқығанын пәлен томдап,
Жүреді оқта-текте өлең толғап.
Қарынға көңіл-күйі байланысты,
Келер толғақ немесе кетер толғақ.
Жүйрік ол бүгінгінің тіл-хатына,
Түскендей Онегиннің сипатына:
Кейде паң, кейде қорқақ, кейде батыр,
Адамсып ақылы сай тұрпатына.
Тұрса да ол айтқанды ішің біліп,
Ежіктеп, ерінбейді «түсіңдіріп»...
Өмірден алғаны көп, бергені жоқ,
Мезі етті мені осындай қысыр жігіт!