09.06.2022
  101


Автор: Мерғали Ыбыраев

Амаңдассан оларға

Бұлқынып бодауына бір өкпенің,
Өзгеше өрекпімес жүрек тегін.
Қол берсем аңқылдап кеп, бәз біреулер,
Соза алмайды «протез» білектерін.
Кеткеңдей сүйегінің қаусап бәрі,
Жазылмайды жезтырнақ саусақтары.
Сезілмес көздерінен ешбір жылу,
Сезілер сөздерінен мансаптары.
Кінамшыл қайран жүрек кір сіңбеген,
Сескеніп... тулап-шошып дүрсілдеген.
Қозғалмай қарашығы қуыршақтай,
Қаласа кірпіктері «Кімсің?» деген.
Селт етпей сазарыңқы сұрқай қалып,
Болымсыз жыбыр етіп, сырт айланып.
Тұра қап тісін шұқып, шырпыменен,
Тұштыңдап, қабақ түйіп, күрт ойланып.
Кіртиіп ауыр ойдан қажығандай,
Қасынып тақыр басын тазы бардай.
Жеңгейіміз болмаса жанындағы,
Кісі атын ұмытады жазып алмай...
... Отырсам жоғарыда білер еді,
Жорғалап, клоун ба күлер еді.
Аман бол, амандығың кімге дәрі,
Майдансыз, мен-мендіктің мүгедегі.





Пікір жазу