09.06.2022
  106


Автор: Мерғали Ыбыраев

Этнографиялық өлең

Кіп-кішкентай бөлшегіндей ұлы елдің,
Ауыл жаққа барып қайттым бірер күн.
Қуанышын қызықтасып досымның,
Қайғысына ортақтастым біреудің.
Бөлінбейтін бөлшегіндей ұлы елдің,
Қарауылға барып қайттым бірер күн.
Мәкең кәрия көз жұмыпты сексенде,
Шөбересі үй болыпты Сүйеудің.
Күрең атты жақын еді-ау, мінер күн,
Үзеңгіде қолтығынан сүйер кім?
Төрт сирағы күлде жатыр көміліп
Мәкең мініп жүретұғын күреңнің.
Күресінге қонып алып қыстайғы,
Сауысқандар жақын барсаң ұшпайды.
- Атаң қайда? – десең аңқау немере,
- Әу кетті! – деп зират жақты нұсқайды.
Дала дауыл, пеште отын маздаған,
Қора жылы, көктем сауылық қоздаған.
Әрбір үйге арсалаңдап бас сұқтым,
Қуаныш көп, кірбең де бар аздаған.
- Бір сом берші бас жазатын ұл, ей деп,
Күн ыстықта жұтынатын сыр-ай деп!
Сақал өсіп, салдыр-салақ жүретін,
Бір ағамыз сырын айтты былай деп:
Қарауылда сиыр ұстау дозақ тым,
Қарасын да көрмеуші едік жаз ақтың
Дүкендерге сүт түсірді, сүт алам,
Атасының аузын! ... – дейді – арақтың!
Сыңайы бар, сыртыңыздан білем дер,
Бас изейді күлімсіреп жылы өңдер.
- Мынау тағы кеп қалған ба дегендей,
Одырайып қарасады біреулер...
Тыңдамастан деген сөзді: қой, тоқтат,
Төбеттерді бір-біріне айтақтап.
Екі тентек жол үстінен жалт берді.
Матаевтың1 машинасын байқап қап.
Кіп-кішкентай бөлшегіндей ұлы елдің,
Ауыл жаққа барып қайттым бірер күн.
Ала барып өлеңімді достарға,
Ала қайттым жақсы жырын біреудің.
Ойламаңдар, Семейде еркін жүр десіп,
Көңіл шіркін бірде жүдеп, бірде өсіп.
Қалалық боп кетсем де әлі келем мен.
Ауыл жаққа алаңдаумен күн кешіп.





Пікір жазу