09.06.2022
  173


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ақ кеме

Мына отырған
Үлкен аға кіші іні,
Сыйлай білген кісіні.
Осы сәтте
Сіздер айтар бір сөзді,
Айта алмай тұр
Тасқа айналған Мұхтар аға мүсіні!
Жидебайға жаутаң-жаутаң қараймын,
Айта алмай тұр ескерткіші Абайдың.
Ана бала қосылып
Көздерінен сағыныш жас жосылып
Ақсақалдар айта алмай тұр тосылып.
Ол не сөз?
Тіл кеспек жоқ білемін
Үлпіл қағып жүрегім
Соны айтайын деп едім,
Сол туралы өлеңім.
Мынау ұшқыр заманда,
Самолетпен көп ұшамыз әмәндә
Абай менен Алматының арасы
Алматы мен Фрунзенің арасы
Екі-үш сағат шамасы
Қаласы мен қаласы
Даласы мен даласы
Бала менен анасы
Дана менен данасы
Ағы менен қарасы
Араласып жатады,
Құраласып жатады
Жарасып тұр қарашы!
Бұл ауылға кім кетпеген, кім келіп,
Күткен бәрін көңілдерін шын беріп.
Жеткен жандар жігерлері құм болып,
Қайтқан қайта жыр болып,
Қырғыз ата мал бағыпты алпыс жыл,
Сексен жаста келіп қайтты үлгеріп,
Абай, Мұхтар ауылдарын бір көріп,
Шәкәрімнің шаңырағына нұр беріп
Мұның өзін тақпасақ та мін көріп,
Атын айта отырамыз күнде еріп,
Сонда қалай?
Абай да жоқ, «Қайтқын» дейтін бір келіп,
Мұқаң да жоқ келетұғын бірге еріп,
Дана Шыңғыс босамаса күнделік,
Баяғыдан сәлем берсе, артық па?
Бала Шыңғыс қарт Шыңғысқа бір келіп,
Абай, Мұхтар ауылдарың бір көріп!
Шәкәрімнің шаңырағына нұр беріп.
Жылда-жылда қара жолға қараймын,
Әуезовтен бергі өмірді санаймын.
Шыңғыс – Шыңғыс болғалы,
Заман өткен секілді бір талай мың,
Шіркін-шіркін Шыңғыстауға бір келіп,
Маңдайынан иіскесеңіз артық па?
Немересін Мұхтардың,
Шөбересін Абайдың,
Манас, Мұхтар бір еді ғой толайым!
Ұлы тойда Мұхаңның,
Көңіліне кеп қалар деп Шықаңның
Айта алмасақ бұл сөзді:
Онда біздің Шыңғысты,
Сағынғанымыз өтірік,
Онда біздің Шыңғысқа,
Табынғанымыз өтірік
Онда біздің Шыңғысты,
Тосқанымыз өтірік.
Онда біздің Шыңғыстың
Жүрегіне – жүректі
Басқанымыз өтірік.
Онда біздің Шыңғыстың,
Тілегіне – тілекті
Қосқанымыз өтірік,
Айта алмасақ бұл сөзді
Қалар едік өкініп!
Абай елі қонақты
Қарсы алмаған өкпемен
Десеңіздер қосылам:
Бауыр болғым келеді
Өкпені өзім жек көрем
Айт осыны өлеңмен
Деген мынау көпшілік,
Қарсы тұра алмадым,
Қара құрым көпке мен.
Ақ кемені тосқан аңқау сәбидей,
Тостық сізді, Ақ кемем!
Қайда жүздің ақ кемем,
Қайда жүрсің Ақ кемем!
Болса дағы бір Шыңғысы әлемнің
Шыңғысы жоқ әр елдің.
Ақ кемені күте-күте қырықта
Мен де мына көнердім
Келмеген соң Ақ кеме
Балық болып өзім іздей жөнелдім.
Келер әлі ортамызға әз ағам
Қырғыз ағам, қазақ ағам, өз ағам
Көтеріскен бүкіл әлем өнерін
Қайтып алдым өкпесін де өлеңнің
Ақ түйенің жарылғандай қарыны
Ағам келсе мақтанышқа кенелем
Шыңғыс келсе, шуағына бөленем
Өкпе-назын айтар сонда өзі елдің!
Бұл қуаныш өте шығар тым қысқа
Ұлы тойда қалсын артқа бір нұсқа
Шыңғыс атын қайтарайық Шыңғысқа
Айтматов атымен аталсын
Шөккен жерден көтерілсін бір күзде
Шөккен жерден биіктесін – бір қыста,
Хан Шыңғысты,
Шоң Шыңғыс деп өзгертіп,
Шыңғыс атын қайтарайық – Шыңғысқа!
Мақтан болсын досына
Айдын болсын жауына,
Қосып қойсын – қырғыз Алоо–Тауына!





Пікір жазу