09.06.2022
145
Қиын жұмбақ
Жай шындықтан кей өтірік күрделі,
Өкіндірмес, қанқақсатпас бір мені.
Өмірдегі көп шындықты ұқсам да,
Өтірікке өрем жетпей жүргені.
Адасамыз тарау-тарау жол барда,
Алдыңғы арба ізін басар – соңғы арба.
Шындық үшін шыбын жанын қиған көп,
Өтіріктен өліп кеткен жан бар ма?!
Кейде өтірік – шындық болып ұнады,
Кейде шындық – өтірік боп тұрады.
Екеуінің бірдей және тұрағы,
Екеуінің бірдей және ұраны;
«Өтірік» деп үкім айтқан сөзіңнен,
Өксіп-өксіп шындық жылап шығады.
Сондықтан да айыра алман күн бұрын,
Айтқан сөздің өтірігін, шындығын.
Шартым мынау: сол ақылды, сол ақын,
Шешер болса бұл жұмбақты кім бұрын!