Бетбұрыс
- Жұмыстан жұмыс болсын әр тәулік,
Қайтқан дұрыс ерте барып, кешірек.
Алақанмен аузын жауып – Жалқаулық,
- Қайта құру қажет! – дейді есінеп.
- Жастар жағы жоқты-барды көпіріп,
Пікір айтқыш болып алды жалақтап.
- Қайта құру қажет пе екен? – деп Күдік,
Жалақтайды жан-жағына алақтап.
- Бетбұрысты дұрыс екен қостаған,
Көбейетін болды тағы жалақы.
Тәуір тұрмыс құрамын деп басқадан,
Мәз болып жүр дүкен кезіп Дарақы.
- Тәртіп керек! Қойман бастан секіріп,
Таласаңдар жан-жағымнан тұрмас қып.
Сынап жатыр төменгіні өкіртіп,
Өзі сынды сүймейтұғын бір бастық.
- Бетбұрысты сұра мейлі қайсың кеп,
Мен қуаттаймын: іздегенде-сұраған.
Қайта құру қайда қашар дейсің деп,
Қарап отыр қол қусырып бір адам.
- Жүрген кезде: семьясыз, үй, түксіз,
Отқа түстім анық шындық үшін мен.
Бала кезден дейді біреу – Түйтіксіз,
Қайта құру қажеттігін түсінгем.
- Талай қызық басымыздан кешіп ек,
Болушы еді әйеліміз ұрысқан.
Бұл арақты қымбаттатқан несі деп,
Күңкілдейді маскүнемдер тұрыштан.
- Барлық ұлтты мен сүйемін, кім демей,
Бауырластық мәңгі менің мұратым!
Ортамызда жүр әнеки, үндемей,
Достық жайлы өлең жазғыш бір ақын.
- Міней берме басшыларды орынсыз,
Кадырлар да қажет қой деп білікті.
Қызметінде түк сапа жоқ Дарынсыз,
Сапалы үйдің пәтерінен үмітті.
- Алға! – дейтін қарлыққанша үндері,
Сөздерінен сене берме бұралға.
Бетбұрыста баса алмаймыз ілгері,
Қайта құру – қайта айналса ұранға!
Іс жүзінде қиналасыз, ойлайсыз,
Қайта құру – сөз жүзінде қиын ба?!
Қайта құру жүріп жатыр – айғайсыз,
Миллиондардың жүрегінде, миында!