09.06.2022
  126


Автор: Мерғали Ыбыраев

Қызылқұмдағы дауыл

Жел тұрып тораңғыны жұлмалады,
Мұнартып, тұтылғандай күн қарады.
Түтіндеп әр төбенің мұржалары,
Құм емес, қып-қызыл шоқ – күл борады.
Желбіреп дауыл-бұлттың шудалары,
Басталды Қызылқұмның жылдағы әні.
Құм кешіп, құм бетімен сырғанады,
Құм кешіп – құм бастауға тырбанады.
Құм – құйын аспан астын шыр айналып,
Таза ауа бара жатыр лайланып.
Қызылқұм қызыл өрт боп лапылдады,
Жатқандай жер астында мұнай жанып.
Қарайды мыс сәулелі күн бұйығып,
Барады ақ бөкендер сырғи ығып.
Мылқау – үн, соқыр – жанар: қалғандай бір,
Көзіне тіршіліктің құм құйылып.
Бүгінге ауысқандай кешегі күн,
Толқындай тау-тау болып көшеді құм.
Қу басы құм астынан шыға келді,
Мың жылғы Қожанәсір есегінің.
Көзіңе жалғыз қара шалынбай ма,
Үй қайда, бала қайда, малың қайда?!
Қосаяқ іннен-інге жүр тығылып,
Қоярға білмегендей жанын қайда.
Бір төбе – бір төбеге бас ұрады,
Бір төбе – бір төбеге асылады.
Құм төбе – құм төбені жасырады,
Қызылқұм – Қарақұмға асығады,
Қозғалып ыңырсиды, ашынады;
Дүние астан-кестең, не боп кетті,
Еліктің маңырай ма жас лағы?!
Кесіртке жорғалаған қызыл бадыр,
Қызылқұм, мұның аты қызыл дауыл.
Ойпыр-ай, жаманатқа бастай көрме,
Қарашы сыңсып ұлып, ызыңдауын.
Дем жетпей, терге шомып солықтайсың,
Жағаға шығып қалған балықтайсың.
Қабірің құлап түссең дап-дайын тұр,
Көмусіз қалам ба деп қорықпайсың...
Атомды, нейтронды дәуір мына,
Тым-тырыс, көтергендей ауыр күнә.
Қадірін тыныштықтың түсінбеген,
Тап болғай Қызылқұмның дауылына!





Пікір жазу