Қарттар туралы ода
Әке еді олар анау қыз, анау ұлға,
Ер еді олар, көп еді әр ауылда.
41-дің жазындай көше босап,
Қарттар сиреп қалыпты-ау, Қарауылда.
Кәрілікпен алысып, алқымдасып,
Жүруші еді өзара қауқылдасып,
Бала көрсе бір сипап кекілінен,
Маңдайынан иіскейтін мауқын басып.
Шақырысып, қазанда барын жесіп,
Көрсетіп жаңа түскен келінге есік.
Жанбас беріп, бас тартқан тұстасымен,
Жоқ нәрсеге жататын керілдесіп.
Керілдесіп қалса да кек сақтамай,
Әдептен аттап өтіп, асқақтамай,
Бірінің бірі демеп қолтығынан,
Тарасатын тату боп бастапқыдай.
Жүре алмаса,
Ұмтылсаң, болысқың кеп,
Намыстанып қалатын: «алыс тұр» деп.
Танысатын оп-оңай бөгде шалмен:
- Керманмен қай жерлерде соғыстың, - деп?!
Сол-ақ екен кететін бал жаласып,
Қыза келе шындықтан сәл ғана асып.
Шегінуді білместен төрт жыл бойы,
Шіркін шалдар кететін «алға басып!»
Қайран ғұмыр өтсе де көзге ілеспей,
Пәлен жасқа бәлсініп келдім деспей,
Жүретұғын қарттарды көре қалсам,
Сәлем беріп өтуші ем, алдын кеспей.
Салмағын қызға салмай, ұлға салмай,
Жатса дағы төсекте бір бас алмай.
Кіріп шығып жүретін өз бетімен,
Көруші едім оларды мың жасардай.
Қурайды жазы өтсе күзде бәрі,
Жас келсе атанармыз біз де кәрі.
Әттен дүние, олардай болу қиын,
Қасиетсіз кәрілік кімге дәрі?!
Қасиетсіз кәрілік кімге керек.
Шал болу мен жан болу мүлде бөлек.
Алаң болып жүруші ем олар барда,
Абыз-қарттар ұрса ма бірдеме деп!...