09.06.2022
  131


Автор: Жұматай Жақыпбаев

СУЫҚСАЙДА

Шыршаға шаршап жігіт шығам деп пе,
Күйгенде біраздан соң сыралғы өкпе.
Құшақтап қарағайдың қыз белінен,
Монтерше төмен қарап тұрам көкте.
Жоқ енді көкке өрлеуден басқа бағыт,
Жер – бұлдыр, көрінгенмен асқар анық.
Жел соқса, жас қарағай теңселеді,
Жығылсаң, гүрс етесің тасқа барып.
Шоласың төмендегі гүлді іргені,
Жаз көркін қана жаттап үлгіргелі.
Биікке бірінші рет бара жатып,
Бейкүнә сұлулықты бүлдіргелі.
Ашиды тер құйылған арқа, басың,
Әзерге бір темекі тарта аласың.
Демалып, солық басып, орныққасын,
Беліңнен салмағы өткір балта аласың.
Жұрт жатыр бұтақтарын жұлқып тасып,
Шыршалар шыңға шықты үркіп қашып.
Осыны өзім емес, басқа шапса,
Өтер ем, Мұқаңша айтсам, «мылтықтасып».
Көкке өрлеп көк сүңгіше өсіп келген,
Шыршаға жұрт құнықты кесіп көрген.
Жасылым жалаңаш тұр бағанаша,
Сиырға сеңсең тонын шешіп берген.
Көркейткен көгілдірім осы іргені,
Қыс-жазы бұтақсыз-ақ өс ілгері.
Қарағым, сенде жазық, малда азық жоқ,
Басқа ақыл табылмады, кешір мені.
Жұмыс көп, жоғарыдан гүлді іргені,
Жанарым қана жаттап үлгірмеді.
Осыдан түсе қалсам,шықпаспын-ау,
Биікке сұлулықты бүлдіргелі.





Пікір жазу