09.06.2022
  236


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТАТУЛЫҚ ЖЫРЫ

Жалпақ ну, жайылма өзен жарқын көрік,
Мен сені таба алмаспын алтын беріп.
Жүрегім лүпілдейді дүниенің,
Алтын шаш арулардай қалпын көріп.
Аспаннан жағылғанда бояу қырға,
Күлімдеп кірпік ашып ояндың ба?!
Толғаудың топан суын тұрмын тосып,
Тоғытып алайын деп той алдында.
Кіргізіп қала көркін, ауыл сәнін,
Аспанда дөңгелесе қауынша күн.
Біздің ел мерекелік дастарқанға,
Төгіп тұр миллиард пұт бауырсағын.
Біздің жол ғарышпен де жосылады,
Мұхиттан қол бұлғайды досым, әні:
Даладан домбырамды шертіп қалсам,
Днепр бандурасы қосылады.
Естісе Кавказ жақтан дыбыс елім,
Чангурдың қағар досым сым ішегін.
Рубабын өзбек алса
Алатаудан
Қомызын сайлар қырғыз інішегім.
Башқұрттар сыбызғы алса күліп белде,
Дутарын сыңғырлатар түрікпен де.
Сырнайын құйқылжытса Тулада орыс,
Құр қалмас молдавандық жігіттер де.
Әндетсе Батум жақтан іңірде қыз,
Жағаң не теңізбенен жүгіргеміз.
Музыка тілі сынды, түсінікті
Сөйлейміз достықтың шат тілінде біз.
Бізге ортақ темір кеме, көркем мүсін,
Сүйеді литвандар «Серперді» шын.
Расул өлең жазса ел жатарда,
Чукоттар оқиды оны ертеңгісін.
Қай ұлттан келін алар ертең інім,
Жер шарлап ерлеріндей ертегінің.
Мысалы, Люда кескен кіндігін де,
Әкемнің ең кішкене тентегінің.
Досты біз көп ойлаймыз қара бастан,
Ағайым Вильнюс үшін жағаласқан,
Ал оның жүрегімен өтетұғын,
Қанына достың қаны араласқан.
Жауды әрі қуған шақта сүйікті елден,
Қорғасын ағайға да тиіп көрген.
Әлсіреп жатқанда оған профессор,
Славяндық өз қанын құйып берген.
Жанамыз думан десе жалын құсап,
Жаямыз еркін елге әділ құшақ,
Он күндей өзбек бізге мейман болса,
Шырқаттым Айбек жырын жанымды сап.
Бел шештік бір рақат, бір азапқа,
Көрмесек тұра алмаймыз біраз апта.
Темір жол, әуе жолы, су соқпағы,
Ағады ана жақтан мына жаққа.
Ешқашан түңілмейміз пейлі ізгіден,
Жандармыз әрқашан да ойлы, ізденген.
Соғыста кезенгенше автоматты,
Жарыста нысана атсын дейміз мерген.
Жөн демей бойкүйез боп, бас бұғуды,
Және де көтере айтпай ешбір үнді,
Біздің ел ізгі, нұрлы жүрекпенен,
Ойлайды барлық жұртты дос қылуды.





Пікір жазу