09.06.2022
110
СӘТ САПАР
Шапшаңдық қой жаңа заман құштары,
Қара түнге лақтырылған шоқтай көп:
Корабльдер, ракеталар ұшады,
Ішіне адам орналасқан оқтай боп.
Жүйріксің-ау кідіруді шам көрген,
Жаңа заман армандарға тік ұшқан.
Озып кетіп жүрмегейсің әндерден,
Ойлай-ойлай озып едің дыбыстан.
Жалғады ерлер жұлдыздардың арасын,
Жолың сенің, жақын ба, әлде алыс па?!
Адам ұлы, қайда кетіп барасың,
Қандай оймен сапар шықтың ғарышқа?
Қанаты бар қас тұлпарға мініп ап,
Баяғыда көшпенділер ері де,
Көкжиекке аттың басын бұрып ап,
Жаңа қоныс іздейтін өз еліне.
Адам ұлы, ойың биік, көзің нұр,
Артқа тастап мұхитты да, тауды да.
Қай бағытта сапар шексең өзің біл,
Барсаң болды Жақсылықтың ауылына.