08.06.2022
  399


Автор: Алма Қыраубаева

БЕС ПАРЫЗ

– Балам, мұсылманның бес парызы бар. «Бір» деп саусағыңды бүк.
Данабек пен Айбегім бас бармағын бүкті. Әкесі Данабектің бүгілген бармағын басып тұрып, айтты:
– Мұсылманның бірінші парызы – иман келтіру.
– «Иман» деген не, әке?
– Иман – Алланың бар екеніне сену. Мұсылман болу. Мұсылман болғанда не істеу керек екені Құранда айтылған.
Данабек тағы сұрады:
– Сіз мұсылмансыз ғой, әке!
Әкесі:
– Әлхамду лилләһи, мұсылманмын. Ал сен мұсылмансың ба, балам?


Данабек тоқталмай жауап берді:
– Әлхамду лилләһи, мұсылманмын.
Әкесі риза болғанын жасыра алмай, Данабектің маңдайынан иіскеді. Алдына отырғызды. Данабектің сұқ саусағын бүктірді.
– Ал, балам, екінші саусағыңды бүк. Мұсылманның екінші парызын айтайын. Екінші парызы – күніне бес уақыт намаз оқу.
Данабек сонан соң үшінші саусағын бүкті:
– Үшінші парызы не, әке?
– Мұсылманның үшінші парызы – ораза ұстау.
Данабек ортаншы саусағын бүгіп тұрып:
– Білемін, білемін! – деді. – Ораза ұстағанда таңертең және кешке ғана тамақ ішеді. Күндіз ештеңе ішпейді.
Әкесі:
– Иә, балам, жылына бір рет тамақ ішпеу – адамдарға пайдалы. Енді әрі қарай тыңда:
– Мұсылманның төртінші парызы – зекет беру. Зекет беру – жетімдерге, мүсәпірлерге көмектесу.
Данабек аты жоқ саусағын бүкті де, сұрақ қойды:
– Мүсәпір деген кім, әке?
– «Мүсәпір» деп өзін-өзі асырауға шамасы жетпейтін, ауру-сырқау адамды айтады.
Әкесі Данабектің шынашағын бүктірді.
– Енді мұсылманның бесінші парызын біл. Бесінші парызы – шамасы келсе, қажыға бару. Қажыға бару – Мұхаммед пайғамбардың туған жеріне бару. Ол – арабтар жерінде, Мекке деген қалада. – Балам, енді мұсылманның бес парызын қайталап айтайық, – деді әкесі. Үшеуі қосылып айтты.
Айтып болған соң, әкесі тағы да былай деді:
– Балам, есіңде болсын! Мұсылманның тағы бір үлкен парызы – білім жинау!





Пікір жазу